← Все новости

Хантавирус: теңіз саяхаты кезінде өршіген індет және Қазақстандағы ахуал

Әсел Мұсабекова, биолог, арнайы Власть үшін, Данияр Мүсіровтың коллажы

Бірнеше күннен бері әлем жұртшылығын MV Hondius саяхат кемесінің бортында өршіген сирек кездесетін әрі қауіпті инфекция алаңдатып отыр. 1 сәуірде Ушуайядан (Аргентина) Антарктиканы, Оңтүстік Атлантиканың шалғай аралдарын жағалай эко круизге аттанған лайнер Анд деген адамнан адамға жұғатын бізге белгілі жалғыз хантавирустың таралу ошағына айналды. Бұл жағдайға қоғам денсаулығы тұрғысынан қарап көреміз және өзіміздің қазақстандық хантавирустарға да тоқталамыз.

Оқиғаның реті

Кемеде 149 адам болды — 23 елден барған жолаушылар мен экипаж. 11 сәуірде 70 жастағы Нидерланд азаматы қайтыс болды, Йоханнесбургқа жіберілген оның әйелі де артынша өмірден өтті. 27 сәуірде британ жолаушысы эвакуацияланды, 2 мамырда кеме ішінде Германия азаматы қайтыс болды. 

12 мамырға дейін 11 жағдай мен 3 өлім тіркелді; тоғыз жағдай зертханада Анд вирусы инфекциясы деп расталды. ДССҰ басшысы Тедрос Гебрейесустың айтуынша, қалған екеуінің нәтижесі оң болады деген болжам жоғары, расталуын күтіп отыр.

Қосымша жағдайлар кемеден тыс жерде анықталды — Швейцарияда (үйіне 30 сәуірде оралған жолаушы) және Францияда сегіз азамат байланысқа түскен адам ретінде анықталды: олар саяхат кемесінде болған жоқ, бірақ қайтыс болған жолаушының жары — өзі де кейін ауруханада өмірден өткен әйелмен 25 сәуірде Сент-Хелена — Йоханнесбург бағытындағы ұшақта бірге отырған.

6 мамырда Кабо-Вердедегі борттан үш адам эвакуацияланған. Екеуі Амстердамға барды; үшінші борт медицина жабдығының ақауына байланысты Гран-Канарияға қонуға мәжбүр болды. Бұдан бөлек, 30 шақты жолаушы Сент-Хеленнен 24 сәуірде түсіп қалған, ол кезде індет туралы ешкім білген жоқ. АҚШ, Канада, Сингапур, Ұлыбритания мен басқа елдердің өкілдері қадағалауға алынды. 

Фотосурет: Arilson Almeida / AP / ТАСС

Хантавирус деген не?

Хантавирус деген — кеміргіштердің ағзасында тіршілік ететін РНҚ вирустар. Адамға инфекция жұқтырған жануар зәрі мен нәжісінің немесе сілекейінің ауаға таралған бөлшегін жұтқан кезде жұғады. Вирустан екі негізгі синдром пайда болады: өкпе синдромы — Солтүстік және Оңтүстік Америкаға тән; 35–40% жағдайда өлімге әкеледі.

Бүйрек синдромы қоса жүретін геморрагиялық безгек (БСГБ) — көбінесе Еуразияда кездеседі.

Хантавирустың барлығы дерлік адамға келгенде «тұйықталады»: яғни, әр жұқтыру жағдайы — жеке зооноздық эпизод, осымен таралуы тоқтайды. Тек Анд вирусы ғана Чили мен Аргентинада эндемикалық деп есептеледі. Бұл вирус адамнан адамға тығыз байланыс кезінде беріледі. Бұған дейін өршу жағдайы 2018-2019 жылдары Аргентинаның Эпуэн қаласында тіркелді: 34 жағдай, 11 өлім, таралудың төрт сатысы. Өршу оқшаулау және карантин көмегімен тоқтатылды. Бұл вирустың өзіне тән емі немесе екпесі жоқ: рибавирин клиникалық сынақ жасалғанда өкпе формасына тиімсіз болып шықты. Қолдау көрсету терапиясы қолданылады — өкпені жасанды желдету, қан тамырын қысу, ағзадан тыс жарғақты оттек бергіш.

ДССҰ мәліметі

ДССҰ басшысы Тедрос Гебрейесус баспасөз мәслихатында жаңа мәліметтер берді:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына кластер туралы алғаш хабар келген 2 мамырдан бері жаңа өлім тіркелген жоқ. Ұлты әртүрлі 120-дан астам адам еліне қайтарылды.

- Барлық күмәнді және расталған науқастар оқшауланды және қатаң медициналық бақылауға алынды.

- Халық денсаулығына келер жаһандық қатер деңгейі төмен.

Бірақ жаңа жағдай анықталуы мүмкін. Олай болатыны: борттағы алғашқы жағдай 6 сәуірде анықталды, бірақ сәуір айының соңына дейін жолаушылар қауіп туралы білмегендіктен, бір-бірімен байланыста болды.

1-8 аптаға созылатын инкубация кезеңін ескерсек, инфекцияның бір бөлігі таяу күндері көрінуі мүмкін.
42 күн бақылау

ДССҰ жариялаған басты практикалық шешім: барлық жолаушы мен экипаж мүшесі 10 мамырдан бастап 42 күн, яғни 21 маусымға дейін қатаң бақылауға алынуы керек. Бақылау үйде немесе карантинге арналған арнаулы орында жасалуы мүмкін. Ауру белгісі пайда болған кез келген адам тез арада оқшауланып, емдеуге жіберілуі керек. 

Мониторинг жауапкершілігі жолаушылар барған елдің үкіметіне артылады. ДССҰ барлық елден Халықаралық медицина-санитария ережесі аясында жүйелі түрде есеп беруді сұрады. ДССҰ еліне оралған жолаушылардың кейбірінде хантавирус инфекциясына келетін симптомдар пайда болғаны туралы хабар алып жатыр. 24–26 сәуір аралығында Сент-Хеленде кемеден түсіп қалған 34 жолаушы вирус өршігені туралы хабар шыққаннан кейін тұрып жатқан елінде бақылауға алынды.

Санта-Федегі қасірет

Хантавирустың жекелеген адамдарға қауіпті екенін бір жыл бұрын болған оқиға көрсетті. 2025 жылғы ақпанда Санта-Феде (Нью-Мексико) өз үйінде актер Джин Хэкмен мен оның жары, пианошы Бетси Аракаваның денесі табылды. Тергеу нәтижесінде Аракава хантивирус салдарынан туған өкпе синдромынан өмірден өткені белгілі болды. Ол ауруды тышқаннан жұқтыруы мүмкін. Альцгеймер ауруына шалдыққан және әйелінің күнделікті күтіміне тәуелді болған Хэкмен болған жайтты түсіне алмаған. Ол бір аптадай ас-сусыз өмір сүріп, әлсіреуден және жүрек қызметінің жетіспеуінен қайтыс болды. Ерлі-зайыптының мәйіті бірнеше күннен кейін жоспарлы тексеріс кезінде табылды.

Қазақстандағы ахуал

Анд вирусы Қазақстанға қауіп тудырмаса да, хантавирустардың бізге де зооноздық қатері бар. Ел ішінде бүйрек синдромы қоса жүретін геморрагиялық безгек (БСГБ) тудыратын серотиптер бар. БСГБ жағдайының алғашқысы Қазақстанда 2000 жылы Батыс Қазақстан облысында тіркелді, бұл жер әлі күнге дейін эндемикалық аумақ деп есептеледі. 2000–2023 жылдардағы ресми статистика бойынша, аймақта 250 шақты ауруға шалдығу жағдайы расталды, ауруға шалдығудың орта жылдық мөлшері 100 000 тұрғынға 1,7 адамнан келеді. Көп жағдайда орман тоқалтісінде болатын Пуумала вирусы қоздырады.

2020–2022 жылдары бірде-бір расталған жағдай тіркелмегені ерекше алаңдатып отыр, бұған денсаулық сақтау жүйесінің ресурсы COVID-19 індетіне жұмсалуы және эпидқадағалау сапасының төмендеуі себеп болса керек. Жақында жасалған зерттеу Алматыда жекелеген серопозитив жағдайларын тіркеді, бұл вирустың айналым аумағы кеңейгенін көрсетіп отыр.

Қазақстан үшін өлім болжамы салыстырмалы түрде көп емес, шамамен 1%, бірақ аурудың залалы зор — бүйректі зақымдайды, қан кетеді және жедел бүйрек қызметі жетіспеу қатері бар. Еуразияда хантавирустың адамнан адамға жұғуы сипатталмағанын айта кету керек, барлық жағдай кеміргіштермен немесе солардың нәжісімен байланыстан кейін болған.

Климат өзгерісінің қандай қатысы бар?

Саяхат кемесіндегі вирустың өршуіне қайтып келейік. Таралу көзі әлі күнге дейін түпкілікті анықталған жоқ, бірақ негізгі болжам бойынша, Нидерландыдан барған ерлі-зайыпты кемеге отырғанға дейін жұқтырған болуы мүмкін. Олар Ушуайяда құстарды бақылау үшін күресінге барған, сол жерде вирусы бар кеміргіштермен байланысуы ықтимал. Аргентина денсаулық сақтау министрлігі ерлі-зайыптының жүрген жолын жариялады: Чилиге, Уругвайға және Аргентинаға 2025 жылғы 27 қарашадан бастап саяхаттаған, сондай-ақ министрлік осы маршрут бойында кеміргіштерді аулап, сынақ жасады. 

2025 жылғы маусым айынан бері Аргентинада хантавирус инфекциясын жұқтырған 101 жағдай тіркелгенін айта кету керек, бұл бір жыл бұрынғы сол кезеңмен салыстырғанда екі еседей көп, сарапшылар бұл көрсеткіштің өсуін климат өзгеріп, ауру тасымалдайтын кеміргіштер тіршілік ететін аумақтың кеңеюімен байланыстырып отыр. 

Кеміргіштер арасында хантавирустың круиз жүрген жолмен таралуы картаға түсірілген жоқ, мәлімет өте аз. Әйтсе де, экотуризмде саяхатшыларды шалғайдағы, аз зерттелген жерлерге апару жиілеп бара жатыр. Мұндай өңірлерде кеміргіштер популяциясына жүйелі түрле мониторинг жасау, саяхатшылар мен жергілікті тұрғындарға түсінікті ақпарат беру мәселесі маңызды бола түсті.

Agence France-Presse — Getty Images

Саяхат кемелеріндегі инфекция қауіпсіздігі

Круиз лайнерлері — жолаушысы көп, желдету жүйесі, тамақ-суы ортақ жабық орта, сондықтан олар инфекциялық ауруға осал болады. Тарихта мұндай оқиғалар жетерлік: мыңдаған адамға зардап әкелген норовирустың жаппай таралуы, джакузи мен ауа баптау жүйесіне байланысты легионерлер ауырған жағдай, ішек инфекциялары, ал 2020 жылы Diamond Princess және Grand Princess саяхат кемелері Қытайдан тысқары анықталған COVID-19 індетінің алғашқы үлкен ошағының бірі болды. 

MV Hondius кемесін алатын болсақ, бұл жағдай жаңағы тізімге тағы бір сценарий қосып отыр: сирек кездесетін зооноздық ауру бортқа эндемикалық аймақтан кіріп, тар каютада тұрып жатқан жолаушылар арасына таралады. Кемедегі өршудің ерекшелігі — инфекция оқшауланбайды, жолаушылар ондаған елге әуе көлігімен тарқап, бір лайнерді халықаралық таралу көзіне айналдыруы мүмкін. Анд вирусы Швейцария мен Францияға осылайша жетті.

Борттағы қалыпты профилактика шарасына тамақ пен суға қатаң санитариялық бақылау жүргізу, көпшілікке арналған үй-жай ішін тұрақты түрде дезинфекциялау, кеміргіштер мен жәндіктердің көзін құрту, отырғызу кезінде міндетті түрде медициналық скрининг жасау, оқшаулау бөлмелерінің және білікті медицина қызметкерлерінің болуы кіреді.

Бірақ MV Hondius оқиғасы көрсеткендей, инкубациялық кезеңі ұзаққа созылатын қоздырғыш пайда болғанда (хантавирус кезінде 1-8 апта) жолға қойылған процедураның өзі аздық етуі мүмкін, науқас диагноз қойылғанға дейін «жағаға түсіп» үлгереді. Бұл жағдай халықаралық үйлестіру жұмысын жақсарту, кеме компаниялары мен денсаулық сақтау органдары арасындағы мәлімет алмасу, сондай-ақ сирек кездесетін патоген жұмысына экипажды дайындау қажеттігін көрсетеді.

Портқа кіргізбеу жергілікті деңгейдегі қорғану шарасы бола алатын шығар, бірақ бұл науқастарды дұрыс медицина инфрақұрылымынан айырады және эпидемиологиялық тергеуді баяулатады.

Сонымен қатар, борт ішіндегі екі апталық карантин адам құқығы мәселесін де алға шығарады. Бұл жердегі парадокс — жолаушылар жағадағы дұрыс жобаланған оқшаулағышқа қарағанда жұқтыру қатері жоғары ортада ұсталады. 2020 жылғы Diamond Princess оқиғасы сақтануға мысал бола алады: кемедегі карантин вирустың таралуын ұстаған жоқ, керісінше үдетті. Жағада оқшаулауға күш салу (тіпті уақытша конструкция болсын), жеке-дара карантинге жіберу арқылы біртіндеп кемеден түсіру және дәл заң шектеулері сияқты шаралардың ғана көмегі бар. Бірақ, Испания үкіметі мен Канар аралдарының жергілікті билігі арасындағы келіспеу іс жүзінде мұндай қисын үнемі жүзеге аса бермейтінін көрсетіп отыр.

Фото: Ubay Rodríguez/Europa Press/dpa/picture alliance

Тағы да «жаңа пандемия» ма?

Хантавирус көпшілікке аса таныс емес, бұл бір-біріне қайшы екі көзқарасқа әкелуі мүмкін: бір жағынан, дүрлігу («жаңа пандемия») немесе елемеу («бұл пәленің маған қатысы жоқ»). Дұрыс коммуникация орнатып, Анд вирусының таралуына тығыз байланыс әсер ететіндіктен, пандемия қаупі жоқ деп түсіндіру қажет, бірақ ахуалдың маңызын да төмендетуге болмайды. ДССҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус 7 мамырда халыққа келер қауіп аз, COVID-19 індетімен салыстыруға келмейді деп айтты.

Зерттеуге келер болсақ, геморрагиялық безгек қаржыландыру тұрғысынан көп жағдайда ұмыт болған инфекциялар қатарына кіреді, сондықтан дәрі туралы да, вакцина туралы да айтуға әзір ерте. Қазір ақпарат құралдарында көптеп айтыла бастауы осы ауруға назар аудартады, ғалымдарға қаржы бөлінеді деген үміт бар.

Өзіміздегі хантавирустар туралы айтар болсақ, Қазақстанда олардан маңызы кем түспейтін міндеттер бар: Бүйрек синдромы қоса жүретін геморрагиялық безгекке эпидқадағалауды күшейту, ауылдық жерлерде кеміргіштермен күресу, халыққа профилактика шаралары туралы ақпарат беру және вирустың тіршілік аймағы кеңейіп жатқанын ескеріп, зертхана диагностикасын жақсарту.

Мұнымен қатар қазақстандықтар арасында круиз демалысы кеңінен танылып келе жатыр. Сондықтан жасы келген ата-анаңыздың мерейтойына билет сыйламас бұрын болашақ жолаушылар жиі ұшырасатын симптомдарды ағылшынша жеткізе алатынына, айқын белгілерін анықтай алатынына және жәрдемді уақытында шақыра алатынына көз жеткізіп алыңыз. Сақтықта қорлық жоқ.

Комментарии

0

Войдите или зарегистрируйтесь, чтобы участвовать в обсуждении

Загрузка комментариев...

Лента новостей