← Все новости

Әлем «slow-motion» режимінде құрдымға кетіп жатыр ма, әлде мұны басқаруға бола ма?

Досым Сәтбаев, саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, арнайы «Власть» үшін

Әлемдегі қазіргі ахуалға қарап, еріксіз бір анекдот еске түседі.

Екі таныс отыр дейді. Бірі — пессимист, екіншісі — оптимист.

Пессимист оптимистен: «Сен қалайша үнемі жадырап жүресің, еш мұңаймайсың?» — деп сұрайды.

Оптимист оған: «Несіне мұңаямын? Бүгін жағдай нашар, ертең бұдан да сорақы болады. Демек, ертеңгі қиындыққа қарағанда бүгінгі күннің әлі де тәуір екеніне қуану керек қой!» — деп жауап береді.

Бумерлер мен Х буынының қалай бағы жанды?

2022 жылы белгілі экономист Нуриэль Рубини «Мегақатерлер: болашағымызға қауіп төндіретін он қатерлі тренд және онымен қалай күресу керек?» деген кітабын жарыққа шығарды. Ол бұл еңбегінде әлемдегі қазіргі ахуалды көз алдыңда «slow-motion» режимінде құлап бара жатқан пойыз апатына теңейді.

Рубинидің мынадай қызық пайымдауы бар: Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі 75 жыл адамзат тарихының үйреншікті ағысы емес, мың жылда бір келетін сирек сәттілік қана еді. Себебі осы уақытта әлем салыстырмалы түрде тыныш болып, дамыды, адамдар тоқшылықта өмір сүрді. Ал негізінде, бұған дейінгі бүкіл адамзат тарихында ашаршылық, соғыс пен індет қатар жүрді. Демек, соғыстан кейін дүниеге келген бумерлер мен Х буынының алдыңғы ұрпаққа қарағанда әжептәуір жолы болды деуге болады.

Алайда, Рубинидің қисынына салсақ, өзінен кейінгі буынға қарағанда, олардың бағы зор болған сияқты. Өйткені адамзат қайтадан геосаяси сілкіністер жайлаған беймәлім әлемде үйреншікті тарихи кезеңіне аяқ басты. Қазіргі жағдайдың тарихта бұрын-соңды болмаған аса қатерлі тұсы — бұл текетірестердің үстіне климаттың күрт өзгеруі мен генератив жасанды интеллектінің болжап болмайтын салдары қосылып отыр.

Айтпақшы, жас ұрпаққа келетін болсақ, олардың да болашаққа деген үрейі мен қорқынышы үдей түскен. Мысалы, таяуда ғана Gallup компаниясы 1500 зумердің арасында сауалнама жүргізген екен. Респонденттердің 42%-ы жасанды интеллектіге қатысты алаңдайтынын айтқан. Бұл алаңдауға, ең алдымен, ЖИ өнімдерін жасаушылардың «жақын арада түрлі салада ЖИ енгізіліп, көптеген адам жұмыссыз қалады» деген мәлімдемесі түрткі болып отыр. Кезінде «Қара аққу» мен «Антихрупкость» кітаптарының авторы Нассим Николас Талеб те дәл осы неолуддизмді адамзат болашағына төнген басты қатердің бірі деп атаған еді.

Дегенмен зумерлердің бойындағы мұндай пессимизмнің басты себебі басқада болуы мүмкін. Қазір түрлі елде, соның ішінде Батыста да, әрбір жаңа ұрпақ алдыңғысынан да жақсырақ өмір сүруге тиіс деген әлеуметтік түсінік сейіліп келеді. Қазіргі жастар үшін бұл қағида жұмыс істемейді. Ескі саяси институттардың дағдарысқа ұшырап, саяси құндылықтардың құнсыздануы және «дофамин саясаткерлердің» сахнаға шығып, ықпалын күшейтуі де осыдан.

Әдетте ел ішінде теңсіздік өршіп, жұрт өзін «бұл өмірде жолы болмаған» жан ретінде сезінген кезде харизмасы бар көшбасшылар суырылып шығады. Мұндай жаңа көсемдер бұқараның ескі саясаткерлер мен мемлекеттік жүйеге деген өшпенділігі мен сенімсіздігін өз пайдасына шебер қолдана біледі. Дональд Трампқа дейін де осылай болған, одан кейін де солай бола бермек.

АҚШ пен Израиль соққыларынан кейін Тегеран аспанын түтін басты. Фото: AP

Басқаруға келе ме, келмей ме?

Саясатта «Алжасқан адам теориясы» деген түсінік бар. Мұны сыртқы саяси стратегия ретінде алғаш рет 1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардың басында АҚШ президенті Ричард Никсонның әкімшілігі тұжырымдап, іс жүзінде қолданған.

Стратегияның басты мақсаты — қарсыластарыңды өзіңнің кез келген қисынсыз қадамға барудан тайынбайтын «жынды» екеніңе сендіру, бойына қорқыныш ұялатып, дегеніңе көндіру. Бұдан бірнеше ғасыр бұрын Никколо Макиавеллидің өзі саясатта кейде «есалаң болып көрінудің» пайдасы бар екенін айтып кеткен. Бірақ бастысы шектен шығып кетпеу керек. Жағдай бақылауда болып, басқарылатын күйде қалуға тиіс.

Америкалық экономистер Томас Шеллинг пен Герман Кан да шамамен осы бағытта зерттеу жүргізген. Олардың пікірінше, мемлекет көшбасшылары қарсыластарын ақылға қонымсыз әрекеттерге баратынына сендірсе, мақсатына әлдеқайда тиімді жете алады. Томас Шеллинг әйгілі «Қақтығыс стратегиясы» атты еңбегінде өзіңді әдейі «ақылсыз» етіп көрсету іс жүзінде өте тиімді, саналы стратегия болуы мүмкін екенін дәлелдеді. Мысалы, қарсыласыңа «бізге шегінетін жол қалмады» дегенді ұқтыру үшін көз алдында арттағы көпірлерді өртеп жіберу сияқты көрнекі қадамдар осыған жатады.

Ал экономист Брайан Каплан «рационал иррационалдық» тұжырымдамасын жасады. Оған сүйенсек, адамдар көп жағдайда өзін әдейі ақылға қонымсыз ұстайды, өйткені бұл оларға айтарлықтай экономикалық шығын әкелмейді. Оның айтуынша, адамдар көбіне экономикалық шығын көрмегеннен иррационал әрекет етеді. Сондықтан мұндай мінез-құлық белгілі бір деңгейде рационал таңдау болып саналады. Алайда «рационал иррационалдық» тұжырымдамасында нақты мақсаттарға жету құралы ретінде басқарылатын хаос туралы айтылған.

Екінші президенттік мерзімінің басында Дональд Трамп та осы «рационал иррационалдықты» қолдануға тырысты. Ол психологиялық қысым, қатаң мәлімдемелер, шабуылдар мен уақытша шегінулер арқылы қарсыласын өз ұсыныстарын қабылдауға итермелегісі келді. Трамптың ойынша, бұл АҚШ экономикасына зиян келтірмей, керісінше, елдің экономикалық күшін арттыруы керек еді.

Алайда, уақыт өте бұл «рационал иррационалдық» «иррационал иррационалдыққа» ұласты. Себебі Трамп саясаттағы ең маңызды нәрсе — болжам жасауды стратегиялық актив ретінде жоя бастады. Оның бизнестен үйренген озбыр тактикасы геосаясатта жұмыс істемейді. Өйткені жаһандық саясатта бәрібір «win-win» стратегиясына көбірек басымдық беріледі. Оның үстіне, жаһандану үрдісі әлемді кез келген соққыға тым сезімтал етті. Әсіресе, бұл қадамдар ойын ережесін жиі өзгертіп, саясаттағы «қызыл сызықтарды» белден басып жатқанда, жағдай мүлдем ушыға түспек.

Фото: "Голос Америки" сайтынан алынды

Трамптың кейбір қадамы «өзіне ор қазғанмен» тең. Оның сыртқы саясаты салдарынан туындаған экономикалық шығындар ел ішінде, тіпті жақтастарының арасындағы сенім рейтингінің төмендеуіне алып келді. Биыл қарашада өтетін Конгреске аралық сайлауда демократтар бақылауды өз қолына алуға тырысады, содан кейін Трамптың сыртқы саяси белсенділігі сәл де болса бәсеңдеуі мүмкін. Бірақ өткен іс өтті — жаһандық трансформацияның қайтпас кезеңі әлдеқашан өтіп кетті. Болашақтың барлық сценарийі бәрібір үш негізгі қауіпке келіп тіреледі.

Біріншіден, әлемнің бөлінуі және жаһандық тәртіптің күйреуі. Бұл кезеңде ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қайта құрау процесі басталып, халықаралық институттар дағдарысқа ұшырайды. Ал бұл жаһандық басқарудағы аласапыранға және кез келген дағдарысқа, соның ішінде әскери қақтығыстардың өршуіне дер кезінде төтеп бере алмауға әкеп соғады. Әлем саяси блоктарға бөлінеді, Еуропа дербестігін күшейтуге көшсе, Қытай АҚШ-тың бұрынғы одақтастарын өз жағына тартып, коалициясын нығайтуға барын салады.

Екіншіден, ядролық қарулану жарысы үдей түспек. Трамп Иранмен текетірес кезінде әлемдегі ядролық қарудың таралуын тежеп тұрған нәзік жүйенің тас-талқанын шығарды. Аль Капоне айтқандай, жай ғана жылы сөзден гөрі, жылы сөз бен қарудың арқасында көп нәрсеге жетуге болады. Қазір халықаралық құқық жүйесі кейпіндегі жылы сөздің қадірі әбден кеткен. Келіссөз нәтижесін тапанша, зеңбірек, дрон, ал ең дұрысы ядролық қарудың бар-жоғы ғана айқындайтын заман туды.

Иранның АҚШ-пен және Израильмен арадағы соғысы Тегеранды және басқа да елдердің басшыларын ядролық қару қарсыласты сескендірудің, саяси саудаласудың және халықаралық мәртебені көтерудің ең басты құралы екенін айқындады. Демек, мемлекеттердің көбі «ядролық меже» моделін іске асыруға жанталасады. Олардың қатарында Парсы шығанағындағы бірнеше ел, әсіресе Сауд Арабиясы болуы әбден мүмкін.

«Ядролық меже» мемлекеттің ресми түрде ядролық қару жасауын емес, қажет болған жағдайда оны қысқа уақытта жасап шығара алатын технологиясының болуын білдіреді. Қазір мұндай межеде тұрған елдердің қатарына Жапония жатады. Жақында ғана осы елдің премьер-министрі Санаэ Такаити 1947 жылғы пацифистік Конституцияны қайта қарауды қолдайтынын мәлімдеді. Дәл осындай «ядролық меже» Оңтүстік Кореяда да бар. Оның үстіне, Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ын Вашингтон Пхеньянды ядролық держава ретінде ресми мойындаса, АҚШ-пен «тіл табысуға» дайын екенін айтып үлгерді.

Германия да дәстүрлі пацифистік риторикадан бас тартты. Кейінгі уақытта ел әскери шығындарын айтарлықтай арттырып жатыр, әрі теориялық тұрғыда оның ядролық мемлекетке айналуға баяғыда-ақ мүмкіндігі болған. Алайда Берлин мен Еуропаның басқа да елдері АҚШ-қа тәуелділікті азайту үшін әзірге Францияның ядролық қаруына сүйенетін ортақ «ядролық қорғаныс» идеясын қолдап отыр.

Үшіншіден, экономикадағы тұрақсыздық та үлкен қауіпке айналып отыр. Бұған жаһанданудың әлсіреуі, жеткізу тізбегіндегі үзілістер, шығындардың өсуі және әлемдік экономиканың баяулауы себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар өндірістің қайталануы көбейіп, халықаралық сауда мен қаржы нарығының тиімділігі төмендейді. Азық-түлік тұрақсыздығы мен ұзақ мерзімді инфляция да халықтың табысына қысым түсірмек. Оның үстіне, қақтығыстардың жиілеуі көптеген елде экономиканың милитаризациясына әкеп соғуы мүмкін. Яғни, қаржы мен ресурстар азаматтық сектордан әскери өнеркәсіпке бағытталып, соның салдарынан мемлекеттік қарыз еселеп артады. 

Мұның бәрі әлемнің тиімділігі төмендеу, бірақ саяси ықпалы күшті жаңа экономикалық үлгіге өтіп жатқанын көрсетеді. Бұл жүйеде қауіпсіздік тиімділіктен, саясат нарықтан, ал тұрақтылық пен болжай алу арзаншылықтан маңызды бола бастайды. Ал Иран төңірегіндегі қақтығыс — осы жаһандық тұрақсыздықтың бір ғана көрінісі. 
Иран тұзағы

Қазір Трамптың Иранмен соғысындағы біртүрлі мінез-құлқын түсіндіретін түрлі теория көбейді. Ол бірде «Иран өркениетін» жоямын деп қоқан-лоқы көрсетсе, бірде қаза тапқан аятолла Хаменеидің ізбасарын «негізі жақсы жігіт» деп мақтап, артынша қайтадан қатаңдыққа көшті. Бастапқыда Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху досы Трампты Иранға қысымды күшейту үшін пайдаланғаны анық. Бұған дейінгі АҚШ президенттері Израиль саясаткерлерінің жетегінде кетсе, тұзаққа түсетінін түсінген. Бұл жағдайды «Соғысты әркім қалаған уақытында бастай алады, бірақ тек шамасы жеткенде ғана аяқтайды» деген көне сөз өте дөп сипаттайды. Оның үстіне, АҚШ-тың халықаралық коалицияларды бастап, түрлі әскери қақтығысқа қатысқан бұрынғы тәжірибесі (мысалы, Ауғанстандағы жағдай) алға қойған мақсаттарға жетуге ешқандай кепілдік бермейтінін көрсетті. Ал Иранға келгенде, АҚШ-тың мұндай халықаралық коалиция құру әрекеті мүлдем іске аспай қалды.

Дегенмен, Трамп Иранды әлсірету арқылы ең алдымен Қытайды әлсіретуді көздеді дегенге сенетіндер де бар. Бір жағынан, Қытайдың мұнай нарығы шынымен де Парсы шығанағынан келетін тасымалға тәуелді, өйткені Қытай импортының жалпы көлеміндегі Иран мұнайының үлесі шамамен 13–14%. Бірақ бұл соққы 2000 жылдардың басында күшті әрі қуатты болар еді. Ал қазір Қытай экономикасының бір бөлігі электрлендіру мен «жасыл» энергетиканың арқасында мұнай импортына тәуелді емес.

Сарапшылардың айтуынша, өткен жылы Қытайдағы электромобильдер сатылымы 2021 жылмен салыстырғанда төрт есе өсіп, әлемнің қалған бөлігіндегі жалпы сатылымнан асып түсті. Бұл тренд Еуропа Одағында да күшейіп келеді. Бұл жағдай Қазақстанды қазірден бастап алаңдатуы керек. Өйткені ел болашақта өзі үшін маңызды энергетика нарығынан айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан Сауд Арабиясының бұрынғы мұнай өнеркәсібі министрі Ахмед Заки Яманидің 70-жылдары айтқан: «Тас дәуірі тастың таусылғанынан біткен жоқ, мұнай дәуірі де мұнайдың таусылғанынан аяқталмайды» деген сөзі бүгінде бұрынғыдан да маңызды болып отыр.

Иран төңірегіндегі қақтығысқа келсек, жоқ жерден себебін іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Иранмен қазіргі шиеленістің негізі Дональд Трамптың 2018 жылы АҚШ-ты 2015 жылғы келісімнен шығару шешімінен басталған. Бұл келісім екі жыл бойы дайындалып, оған Иран, АҚШ және басқа мемлекеттер қатысқан. Нәтижесінде Иранның уранды байыту деңгейін 4%-дан асырмау, центрифугалар санын қысқарту және Иранның ядролық бағдарламасын МАГАТЭ тарапынан бақылауды күшейту туралы келісім жасалды. Бұған жауап ретінде санкцияларды алып тастау және Иранды әлемдік экономикаға қайта қосу уәде етілген еді.

Бұл келісім мінсіз болмаса да, Иран мен Батыс арасындағы қарым-қатынасты реттеуге жасалған маңызды қадам ретінде қабылданды. Алайда Дональд Трамп бұл келісімнен оның тиімсіздігінен емес, оны өзінен бұрынғы президент Барак Обама жасағаны үшін бас тартты. Бірақ кейін Иранмен қақтығыс кезінде Трамп сол келісімнің шарттарын қайта талап ете бастады. Яғни Обама келіссөз арқылы жеткісі келген нәтижеге Трамп қысым мен қоқан-лоқы арқылы жетуге тырысты. Сосын өзі тығырыққа тіреліп қалды. Өйткені бұл жағдайда стратегиялық артықшылық Иран жағына ауысты. Иран үшін уақыт созып, қысымға төтеп берудің өзі үлкен жеңіс еді. Ал қақтығыстың әр күні Трампқа 800 миллионнан 1 миллиард долларға дейін шығын әкеліп, АҚШ ішіндегі, тіпті өз жақтастары арасындағы беделіне де соққы болды. Бұл алдағы Конгреске аралық сайлау алдында республикашылдар үшін жағымсыз жағдайға айналды.

Екінші тұзақ Венесуэладағы Николас Мадуро билігін кетіргеннен кейінгі табысқа мастануға қатысты. Дональд Трамп дәл осындай сценарийді Иранда да қайталауға болады дегенге сенді. Яғни аятолла Әли Хаменеиді тез биліктен кетіріп, оның орнына өз адамын әкеліп, Иран мұнайына жылдам қол жеткізуді көздеді. Алайда Иранның жағдайы Венесуэладан мүлде бөлек екенін Трампқа түсіндіретін адам болмады. Себебі ол өзін сыртқы саясатты бәрінен жақсы білемін деп санап, тәжірибелі сарапшылар мен мамандарды айналасынан алыстатып жіберген еді. Соның салдарынан қарсылас дұрыс бағаланбады.

Иран 1979 жылдан бері соғысқа дайындалып келеді. Ақ үйдегі Трампқа дейінгі президенттердің бәрі бұл жағдайды жақсы білді. Сондықтан бірде-бір АҚШ президенті Иранға қарсы соғыс ашуға батылы бармады. Санкциялар енгізгенімен, ашық соғыс бастаған жоқ. Өйткені олар теократиялық жүйеде билікті өзгерту басқа диктаторлық билікке қарағанда әлдеқайда қиын екенін түсінген сарапшылардың сөзіне құлақ асты. Ирак пен Ливияда бұл сценарий іске асқанымен, шешім қабылдаудың бірнеше орталығы бар Иранда олай болмады. Әдетте авторитарлық режим әлсіреуі үшін үш нәрсе қатар жүруі керек: халықтың жаппай наразылығы, билік ішіндегі бөліну не күштік құрылымдардың билікке қарсы шығуы. Иран жағдайында қазір тек бірінші жағдай байқалады – халық жаппай наразылық акцияларын жасайды.

Алайда Дональд Трамп қаңтарда бұл наразылықты нақты әрекетпен қолдамай, мүмкіндікті жіберіп алды. элита ішіндегі бөліну мен күштік құрылымдардың әлсіреуі туралы болжамдар әлі орындалған жоқ. Бұл сценарий болашақта болуы мүмкін, бірақ қазіргі саяси жағдайда емес, ал Трампқа оны күтіп отыруға уақыт та қалмады.

Үшінші тұзақ екіншісінен туындады. Қарсыласты тиісінше бағаламаудың кесірінен, Иран Ормуз бұғазын бұғаттауға шешім қабылдағаннан кейін үлкен экономикалық сілкініс басталды. Негізінде Тегеран өткен жылы АҚШ пен Израиль өзінің ядролық нысандарына соққы жасаған тұста-ақ бұғазды жауып тастайтынын ескерткен еді. Ақыр соңында солай жасады. 1979 жылдан бері бірде-бір АҚШ президентінің Иранмен тікелей соғысуға батылы бармауының басты себебінің бірі де осы еді. Өйткені бұл бұғаз арқылы бүкіл әлемдік мұнай тасымалының шамамен 20–25%-ы мен газдың көп бөлігі өтеді. 

Фото: AP

Қазақстанға төнетін қауіп пен тиімді тұстары

Ормуз бұғазындағы жағдай теңіз тасымалының әлсіздігін көрсетті. Бұл көп елдің Транскаспий халықаралық көлік бағыты сияқты балама жолдарға қызығуын арттыруы мүмкін. Солай Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлі нығаймақ.

Ормуз бұғазының бұғатталуы Қазақстан үшін қысқа және ұзақ мерзімді перспективада екіұшты әсер етеді. Қысқа мерзімді әсері мұнай бағасының өсуі арқылы ел экономикасына жаңа мүмкіндіктер ашады. Кейбір экономистердің бағалауынша, барреліне қосылатын әр 10 доллар Қазақстан экономикасына жылына экспорттан шамамен 1,5-2 миллиард доллар табыс әкелуі мүмкін. Дегенмен, украиналық ұшқышсыз ұшақтардың ресейлік үш портқа (Қара теңіздегі Новороссийск, сондай-ақ Балтық теңізіндегі Приморск пен Усть-Луга) жасаған шабуылдары әлемдік нарыққа мұнай жеткізу көлемін азайтып қана қоймай, қазақстандық мұнайдың ЕО тасымалдануына үлкен қауіп төндіреді. Ормуз бұғазындағы оқиғадан кейін Қытай Қазақстаннан мұнай импортын арттыруы ықтимал, бірақ бұл көлем біздің КҚК арқылы шығаратын экспортымызбен мүлдем салыстыруға келмейді.

Алайда негізгі мәселе мынада: шикізат экспорттаушы елдер бағаның өсуінен уақытша ұтқанымен, ұзақ мерзімді тұрақсыздық тұрғысынан ұтылады. Әлемдік экономика да дәл осындай кезеңге аяқ басуы мүмкін. Өйткені мұнай мен газ бағасының тым қымбат болуы — елдердің экономикалық өсімін тежеуішінің бірі. ХВҚ қазірдің өзінде әлемді рецессия қаупі, сондай-ақ ЕО пен Азиядағы экономикалық өсім баяулайды деп ескертіп жатыр. Бұл болжам орындалса, Қазақстаннан экспортталатын мұнайдан бөлек шикізат түрлеріне сұраныс төмендеуі мүмкін.

Осылайша, мұнай бағасының жоғары болуы шикізат экспорттаушы елдер үшін екіұшты жағдай екенін мұнай өндіруші мемлекеттердің көбі түсіне бастады. Халықаралық энергетика агенттігінің басшысы Фатих Бироль әлем тарихындағы ең ірі энергетикалық дағдарыс енді ғана басталып жатқанын айтқан. Оның сөзінше, уақытша бітім де, АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысының аяқталуы да бұрынғы жағдайға қайта оралуға мүмкіндік бермейді.

Негізгі мәселе тек IEA деректері бойынша соғыс кезінде мұнай-газ кешенінің 40-тан астам нысаны, соның ішінде Қатардағы ең ірі сұйытылған газ өндіретін зауыттың зардап шеккенінде немесе Ормуз бұғазын миналардан тазартуға айтарлықтай уақыт керек екенінде ғана емес. Басты түйткіл — енді мұнай бағасына ұзақ уақыт бойы «тәуекел үстемесі» қосылып отырады. Себебі әлем Ормуз бұғазы Иран тарапынан қысым жасау құралына айналғанын көріп отыр. Бұл жағдай әрдайым қайталануы мүмкін.

Айтпақшы, БАӘ-нің ОПЕК және ОПЕК+ құрамынан шығуының басты себебінің бірі де осыған байланысты. БАӘ мұнай өндірісін көбейтуді және өзінің энергетика секторының дамуын тежеп келген шектеулі квотадан құтылуды көздеді. Олар жаңа қалыптасып жатқан нарықта неғұрлым тәуелсіз ойыншы болуға тырысып отыр.

Әлемдік тыңайтқыш тасымалының 30%-дан астамы дәл осы Ормуз бұғазы арқылы өтетіні Қазақстан үшін туындауы мүмкін тағы бір күрделі мәселе болып отыр. Оның тапшылығы тыңайтқыш бағасының ғана емес, сондай-ақ азық-түліктің де қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін. Ал Қазақстанға сырттан келетін азық-түлік импортының көлемі өте үлкен екенін ескерсек, бұл жағдай ел экономикасында инфляцияның импортталуына әкеп соғуы әбден мүмкін.

Өркениеттер қақтығысы

Қазақстанға тағы бір үлкен қатер бүкіл әлеммен бірге ескі жаһандық тәртіптің күйреуіне және уақытша бейберекеттікке бейімделуге тура келуі. Өйткені Трамптың саяси сахнаға шығуы да, бұрынғы ойын ережелерінен бас тарту мен әлемдегі қақтығыстардың үдеуі де 1990 жылдардың басында Сэмюэл Хантингтон «Өркениеттер қақтығысы» деп сипаттаған әлемдік өзгерістердің бір бөлігі ғана.

Хантингтон алдымен мақаласында, кейіннен «Өркениеттер қақтығысы және әлемдік тәртіптің қайта құрылуы» атты еңбегінде халықаралық саясаттың даму кезеңдеріне талдау жасады. Оның пайымдауынша, мемлекеттер пайда болғаннан бастап XVIII ғасырдың соңына дейін негізінен «патшалар соғысы» жүрді, XIX ғасырда қалыптасқан ұлттық мемлекеттер қақтығысты, ал Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң КСРО тарағанға дейін «идеологиялар соғысы» белең алды. Ал «Қырғиқабақ соғыс» аяқталғаннан кейін халықаралық саясаттың батыстық даму кезеңі де аяқталды.

Автордың пікірінше, батыстық емес өркениеттердің халықтары мен үкіметтері ендігі жерде тарихтың объектісі болмай, тарихты өздері жасап, алға жылжытатын белсенді субъектіге айналды. Бұл батыс өркениетінің қарсылығын тудырды. Айтпақшы, Трамптың жай ғана Иранды емес, «иран өркениетін» жойып жіберемін деп қоқан-лоқы жасауы мұның айқын көрінісі.

Өркениеттер қақтығысы теориясына сүйенсек, ерте ме, кеш пе, Трамп не оған ұқсас біреу саяси сахнаға бәрібір шығатын еді. Өйткені олар Батысты қайта күшейту идеясынан пайда болған саяси толқынның жемісі. Трамптың жағдайында бұл ұмтылыс «Make America Great Again» ұраны арқылы көрініс тапты.

Алайда Хантингтон бір мәселеде қателесті. Ол негізгі қақтығыс бұрынғыдай өркениеттердің ішінде емес, тек әртүрлі өркениеттер арасында жүреді деп есептеді. Ал қазір біз Хантингтон бөліп көрсеткен сегіз өркениеттің кейбірінің өз ішінде де қауіпті қақтығыстардың ушығып жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, славян-православие өркениетіне жататын Ресей мен Украина арасындағы соғыс. Батыс өркениетіндегі кезекті жікшілдікті Трамп пен Рим папасы Лев XIV арасындағы жақында болған сөз таласы да, сондай-ақ дәстүрлі рухани құндылықтар мен еуропалық өркениет тамырын сақтап қалу мәселесіндегі АҚШ пен ЕО арасындағы текетірес те анық көрсетіп берді.

Деглобализация мен әлемнің блоктарға бөліну қаупі өркениеттер арасындағы және өз ішіндегі қақтығысты одан сайын ушықтыруы мүмкін. Бұл жағдай Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен түркі өркениетін нығайту үшін де барынша бірігуді және кооперацияны талап етеді. Әлемде тұрақсыздық күшейген шақта Қазақстанның әрдайым өз «дабыл шабаданы» болуы керегін, ал оның ішінде қиындықтан аман шығуға қажетті барлық құрал сай тұруға тиістігін көрсетеді.

Нассим Николас Талебтің пікіріне сүйенсек, кезекті «қара аққудың» қашан пайда болатынын болжау қиын, сондықтан экономикалық және саяси жүйелердің барлық әлсіз тұсын анықтау үшін тұрақты мониторинг жүргізіп, беріктігіне бәс тігу керек. Геосаяси аласапыран жағдайында бізге «тұрақтылық — күнкөріс — икемділік» үлгісіне көшу қажет. Ал бұл үшін тәуекелдерді басқаруды және прогностикалық талдауды күшейту маңызды.

Бизнеске келетін болсақ, жүйелі тәртіп пайда әкелсе, бейберекеттік инновациялық болашақ қалыптастырады деген бір қызықты пайым бар. Дүниежүзілік тарих та кез келген геосаяси тұрақсыздықтан кейін түптің түбінде жаңа тәртіп орнайтынын көрсетеді. Мұндай кезеңдерде бұрынғы гегемондардың күші әлсіреп, тәуекелден бөлек перифериялық және жартылай перифериялық ойыншылардың алға шығып, халықаралық беделін күшейтуіне жаңа мүмкіндік туады.

Комментарии

0

Войдите или зарегистрируйтесь, чтобы участвовать в обсуждении

Загрузка комментариев...

Лента новостей